XVII – XVIII ғасырларда жоңғар шапқыншыларына қайыспай қарсы күрес жүргізген, қазақ халқының ерлігі бұл күнде кеңінен белгілі. Сол жорықтың аса ірі қолбасшысы әрі ұйымдастырушыларының бірі болған Қаракерей Қабанбай батырдың да есімі елге әйгіленді. Бұл істе үлкен еңбек сіңірген абзал адам – Қабанбайдың тікелей ұрпағы Зейнолла Сәнік.
Қабанбай батырдың өмір белестері мен жорық жолдарын зерттей келе ол бірнеше кітап шығарды. Соның бірі "Хан батыр – Қабанбай" атты естелік және эсселері кезінде Қытай астанасы - Пекиндегі “Ұлттар баспасынан” 2000 жылы жарық көрген. Автор бұл еңбегінде қазақстандықтарға белгісіз тың деректер мен естеліктер келтіреді, жаңа ой-пікірлер толғайды.
Сонымен қатар кітаптың екінші бөлімінде Қабанбай әулеттерінің XIX–XX ғ.ғ. тұсындағы тыныс-тіршілігі, жорық жолдары және осынау алмағайып кезеңде өмір сүрген қазақ күй өнеріндегі ірі тұлғалардың бірі–Қайракбай Шәлекенұлының тағдыр-талайы туралы маңызды мәліметтер кеңінен қамтылған.
Аталмыш кітап қазақстандық оқырмандар назарына белгілі жазушының туғанына 70 жыл толуы қарсаңында ұсынылып отыр.
Кітапты баспаға дайындаған:
ШОТАНБЕКОВ Төкен Байболатұлы